40 Kenesary, 1205 office

г. Astana

+7 (717) 227-99-96

+7 771 532 22 00

АӨК СУБЪЕКТІЛЕРІН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СУБСИДИЯЛАУ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН ҚАРАЖАТ 100% ИГЕРІЛДІ

2014 жылы агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) субъектілерін инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында 13,08 млрд. теңге сомадағы субсидиялардың төленуі мақұлданды. Бұл — бағдарлама бойынша қарастырылған қаражаттың 100%.
Бағдарламаға еліміздің барлық облыстары мен Астана қаласының инвесторлары – АӨК субъектілері қатысты.
Барлығы АӨК салаларындағы 1 146 жоба бойынша субсидия төлеу мақұлданған. Жобалар 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған.
Мақұлданған өтінімдердің неғұрлым көп саны мынадай бағыттарға тиесілі:
1. «Ірі қара малдың тауарлы фермаларын кеңейту және техникалық жарақтау» — 405 өтінім;
2. «Етті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және шошқа шаруашылығы бойынша шаруашылықтар құру және кеңейту» — 330 өтінім;
3. «Сүтті-тауарлы фермаларды құру және кеңейту» — 112 өтінім;
4. «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын салу» — 101 өтінім;
5. «Суару жүйелерін құру және кеңейту» — 80 өтінім.
Субсидиялардың неғұрлым көп бөлігінің мынадай бағыттар бойынша төленуі мақұлданды:
1. «Суару жүйелерін құру және кеңейту» — 2,5 млрд. теңге;
2. «Көкөністер және жемістер өсіру бойынша кәсіпорындар құру және кеңейту» — 1,8 млрд. теңге;
3. «Етті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және шошқа шаруашылығы бойынша шаруашылықтар құру және кеңейту» — 1,7 млрд. теңге;
4. «Құс шаруашылығында кәсіпорындарды құру және кеңейту» — 1,2 млрд. теңге;
5. «Сүтті-тауарлы фермаларды құру және кеңейту» — 1 млрд. теңге.
Еске сала кетсек, инвестициялық субсидиялау елімізде биыл алғаш рет «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
«Қазагромаркетинг» АҚ инвестициялық субсидиялау бағдарламасының операторы болып табылады және инвесторлардан бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер қабылдайды.
Бағдарламаға сәйкес Қазақстан Республикасында инвестициялық салынымдарды жүзеге асыратын агроөнеркәсіп кешен субъектісі болып табылатын жеке және заңды тұлғаларға инвестициялық субсидиялар төленеді. Инвестициялық субсидиялар инвесторлардың Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешеніндегі жаңа өндірістік қуаттар құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге, оның ішінде техника мен жабдықтар сатып алуға бағытталған шығындарының бір бөлігін өтейді.
Инвестициялық субсидиялар инвестициялық жобаны іске асыруға кеткен шығындардың 20-дан 80%-ға дейінгі үлесін өтеуге бағытталған.
Инвестициялық субсидиялау ҚР Үкіметінің 2014 жылдың 29 сәуіріндегі №421 қаулысымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау қағидалары негізінде жүзеге асырылады.
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның (Астана, Алматы ққ., облыс орталықтары мен 160 ауданда орналасқан) аймақтық желісі мен сall-орталығының негізінде (8 800 080 70 80 нөмірі бойынша) ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін инвестициялық субсидиялауға қатысты түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған (Қазақстан бойынша стационарлық және ұялы телефондардан қоңырау шалу тегін).