Шаруалардың борышы жеңілдейді!
«Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамы 227 «Ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін кредиттер және лизинг бойынша сыйақы ставкасын өтеу» республикалық бюджеттік бағдарламасы аясында қаржы институттарынан агроөнеркәсіп кешен субъектілерінің кредит/лизинг шарттары бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау үшін өтінімдер мен құжаттарды қабылдауды бастайтыны туралы хабардар етеді.
Сыйақы мөлшерлемелері төменде көрсетілген бағыттардағы кредиттер мен лизинг бойынша субсидиялауға жатады:
— айналымдағы қаражатты толтыруға, құрылысқа және негізгі құралдарды сатып алуға алынған несиелер;
— ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтарының лизингісі.
Субсидиялау Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүргізіледі.
Субсидия беру шарттары, ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптар, өтінім қабылдау және тиісті шешімдер қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылдың 29 сәуіріндегі №420 «Кредиттер, сондай-ақ технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» қаулысымен бекітілген.
Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандандырылған ұйым ретінде тартылатын «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамы бағдарлама аясында қызмет көрсетуші оператор болып табылады.
Ел халқын бағдарлама мүмкіндіктері жайлы жан-жақты хабардар ету мақсатында «Қазагромаркетинг» АҚ-ның мамандары шаруалар жиі қоятын сауалдарға жауап дайындап, төленетін субсидиялардың көлемін мысал негізінде көрсетіп берді.
— Субсидияны кім ала алады?
— Меншік түріне қарамастан ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін және/немесе қайта өңдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлғалар, оның ішінде фермерлік/шаруа қожалықтары, сонымен бірге ауылшаруашылық өнімдерін сату, тасымалдау, сақтау, дайындау бойынша қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар бағдарламаға қатыса алады.
— Субсидияларды алу үшін өтініш қайда тапсырылады, қай мекемеге жүгіну қажет?
— Бағдарламаға қатысамын деуші барлық қарызгерлер несие алған екінші деңгейлі банктерге және лизингтік компанияларға өтініш беруі тиіс.
— Субсидиялау бағдарламасына қатысу үшін қандай құжаттар қажет?
— Арнайы үлгідегі өтінім; кредиттік шарттың негізгі борышы мен сыйақыны өтеу кестесі туралы көшірмесі; кредиттің (лизингтің) мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттар; кредитті алғаны туралы қарыз алушының несие шотынан үзінді немесе кредиттің аударылғанын/лизинг нысанасының берілгенін растайтын құжат.
— Осы бағдарлама бойынша қандай қарыздар субсидияланады?
— Номиналды сыйақы мөлшерлемесі теңгеде жылдық 14%-дан және шетелдік валютада жылдық 10%-дан аспайтын лизинг пен кредиттер субсидияланады.
Бұл ауылшаруашылық техникасы мен технологиялық жабдықтарын алуға бағытталған лизинг шарттары мен айналым қаражатын толтыруға, құрылыс пен негізгі қаражатты алуға арналған кредиттік шарттар болуы мүмкін.
Бірінші ретте етті және сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, бау-бақша шаруашылығы мен ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу салаларындағы бизнесті дамыту мақсатында алынған кредиттер мен осы салаларға арналған техника мен жабдықты сатып алу мақсатындағы лизингті субсидиялауға қатысты өтініштер қаралады. Бұлар ауылшаруашылық өндірісінің басымдыққа ие бағыттары болып табылады. Сол себепті осы салаға қатысты өтініштер бірінші кезекте қаралады. Ал, жалпы алғанда, аграрлық өндірістің барлық бағыттары бойынша алынған кредиттер арзандатылады.
— Қандай шарттар субсидияланбайды?
— Басқа мемлекеттік және/немесе бюджеттік бағдарламалар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдау жүзеге асырылатын кредиттік шарттар, сондай-ақ республикалық бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорының қаражаты есебінен қаржыландырылған кредиттік шарттар субсидиялауға жатпайды.
— Шарт өзге бағдарламалармен қоса осы бағдарлама бойынша да субсидиялауға түсе ала ма?
— Кредит/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды қарыздарды кепілдендіру және сақтандыру, негізгі құралдарды (оның ішінде биологиялық активтерді) сатып алу кезінде оның құнын арзандату үшін субсидиялау, жаңа өндірістік қуаттар құруға не қолданыстағыларын кеңейтуге бағытталған инвестициялық салымдар кезіндегі АӨК субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу мемлекеттік бағдарламаларымен біріктіруге жол беріледі.
— Қарыздар қаншалықты арзандатылуы мүмкін?
— Айналымдағы қаражатты толтыру және негізгі қаражатты алу, құрылыс, сондай-ақ технологиялық жабдықты және ауылшаруашылық техникасын лизингке сатып алу кредиттерінің сыйақы мөлшерлемелері теңгемен алынған болса, жылдық 7%-ға төмендетіледі, шетелдік валютамен алынған болса, жылдық 5%-ға төмендетіледі.
Мал шаруашылығы мен мал азығын өндіруге арналған ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын сатып алу мақсатындағы кредиттер мен лизингтің сыйақы мөлшерлемелері теңгемен алынса, жылдық 10%-ға, шетелдік валютамен алынған болса, жылдық 7%-ға төмендетіледі.
— Мал шаруашылығы мен мал азығын өндіруге арналған техника мен жабдықтардың нақты қай түрлері субсидиялауға жатады?
— Бұл техника мен жабдықтың 26 түрі: жемшөп жинайтын комбайндар, жемшөп жинайтын машиналар, тырмалар, аударғыштар, ысырғыштар, десте қалауыштар, десте жасауыштар; өздігінен жүретін және тіркемелі дестелегіштер; маялағыштар, жұмыс органдары ауыстырмалы құрама әмбебап аспалар; жемшөп араластырғыштар, жемшөп үлестіргіштер, ұсатқыштар, араластырғыштар және ұсақтағыштар; тиеуіштер және теңдер мен оралған шөптерді тасымалдауға арналған арбалар, оралған шөпті кескіш пен оралған шөпті жіппен орауыш; сауу қондырғылары; мал шаруашылығы фермаларына арналған шетен қора жабдығы және көң шығару жүйесі; автонауалар, жеке науалар мен су тасығыштар; құрама жем қондырғылары және шағын зауыттар; сүт салқындатқыштар және салқындатқыш-танктер; сүт талдағыштар; сүт қабылдауға арналған қондырғылар; пастеризаторлар; өзі құйып алатын сепараторлар; деаэраторлар; майлылықты автоматты түрде стандарттау қондырғылары; мал тасымалдауға арналған арнайы көлік құралдары; сүт тасығыштар; зооветеринариялық өңдеуге арналған бекіткіш-станоктар; мехкүректер; сығымдау-іріктеуіш, іріктеуіштер, шөмелелеуіштер; шөп себуге арналған аппликаторлары бар тырмалар; шалғылар (өздігінен жүретін, аспалы, роторлық, дискілі, тіркемелі, жартылай аспалы, жаныштағыштар, ұсақтағыш-шалғылар); ауыл шаруашылығы малдарын жаюға және ұстауға арналған жабдықтар, сондай-ақ мал шаруашылығында қолданылатын озық технологиялар (электрлі қоршаулар, электр энергиясының балама көздері, су көтеруге арналған жел сорғылары, радиобайланыс және бейнебақылау жүйелері, GPS навигация жүйелері).
— Субсидиялар қандай мерзімге беріледі?
— Кредиттік шарттар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап немесе кредит берген, болмаса, лизинг нысанасын берген сәттен бастап кредиттік шарттардың бүкіл қолдану мерзімінде жүзеге асырылады.
214 «Өсімдік шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы аясында 2013 жылы субсидиялау жүргізілген кредиттік шарттар бойынша субсидиялау 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап шарттардың қолданылуына қалған барлық мерзімге жүреді.
213 «Қайта өңдеу өндірісін дамыту» бюджеттік бағдарламасы аясында 2013 жылы субсидиялау жүргізілген кредиттік шарттар бойынша субсидиялау 2013 жылғы субсидияларды бөлгеннен кейінгі келесі төлем күнінен бастап шарттардың қолданылуына қалған барлық мерзімге жүреді.
— Мысал ретінде төленуге тиісті субсидиялар мөлшерін көрсетіп берсеңіз.
— Мысалға сіз 2014 жылдың 29 сәуірінде 7 жылға құны 3 000 000 теңге болатын «Белорус 82.1» тракторын сатып алуға кредит алдыңыз делік. Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 12%. Сіздің алғашқы жарнаңыз трактор құнының 10%-ын, яғни 300 000 теңгені құраған.
Осылайша 2021 жылдың 29 сәуіріне дейін (несиелендіру мерзімінің соңында) сіз қаржы институтына 4 380 600 теңге төлеуіңіз қажет. Оның ішінде 3 000 000 теңге — кредит сомасы (негізгі қарыз), 1 380 600 теңге – кредитті пайдалану үшін төленетін сыйақы мөлшерлемесі (жылына 12%). Бағдарлама шарттарына сәйкес сіздің қаржы институтына төлейтін осы сыйақы мөлшерлемеңіз субсидияланады. Мемлекет сіз банкіге төлеуге тиісті жылдық 12% сыйақы мөлшерлемесінің 7%-ын өз мойнына алады. Бұл — 805 350 теңге. 12%-дың қалған бөлігін, яғни 5%-ды өзіңіз төлейсіз. Бұл — 575 250 теңге. Сөйтіп, субсидиялаудың арқасында сіз қаржы институтына 4 380 600 теңгенің орнына 3 575 250 теңге төлейсіз.
— Субсидиялау шарттары бойынша туындаған сауалдарға жауап алу үшін арнайы байланыс желісі бар ма?
— Иә, барлық ауылшаруашылық тауар өндірушілерін кредиттерді арзандату мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру үшін «Қазагромаркетинг» АҚ-ның негізінде сall-орталық жұмыс істейді. Орталыққа кез келген адам қоңырау шалып, бағдарлама шарттары туралы ақпарат ала алады. Байланыс желісінің нөмірі: 8 800 080 70 80. Атап өтетін жайт, барлық ұялы байланыс операторларының нөмірлері мен еліміздің барлық аймақтарындағы стационарлы телефондардан қоңырау шалу тегін болып табылады.
Анықтама:
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның («ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы) миссиясы ауылшаруашылық тауарлары мен қызметтерін дамытудың нарықтық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады. Ол үшін компания өзінің ауылдық кеңес беру орталықтары арқылы қазіргі заманғы ең озық ақпараттық технологияларды пайдаланып шаруалардың ақпаратқа деген қолжетімділігін арттыруда.
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ АӨК саласында қызметін жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыру мақсатында 2006 жылы құрылды. Холдингтің құрамына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгроӨнім» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроКепіл» АҚ, «Қазагромаркетинг» АҚ кіреді.
_________________________________________________________________________
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның Баспасөз қызметі
Мәнсия Сәкенова