«Егінжай» бағдарламасы бойынша қаржыландыру басталды
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ – «ҚазАгро» Холдингінің еншілес компаниясы «Егінжай» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 75 255 гектар жерге дәнді дақылдар егу үшін 456,6 млн. теңгеге 123 несие берді. Бұл бағдарлама бойынша қаржыландыру жалғасуда.
Қор кішігірім жер телімдері бар ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде қолдау мақсатында 2010 жылдан бері «Егінжай» бағдарламасын жүзеге асырып келеді.
Несие 1 млн. теңгеден 6 млн. теңгеге дейін беріледі. Сондай-ақ, Қор қарыз алушыларға ыңғайлы болуы үшін 3 жылға дейінгі «несиелік желі» жүйесін енгізді. Яғни, қарыз алушы алғашқы жылы ең көбі 18 айға дейін қарыз алып (бұл уақыт дәнді дақылды егіп, жинап, өткізуге жететін мерзім) несиеден құтылған соң, келесі жылы құжаттарды қайта жинамай, осы желі аясында Қордан келесі жылға тағы несие алуына мүмкіндік береді. Несие жылдық 9,5% үстемемен (тиімді жылдық сыйақы үстемесі – 10,2% аспайды) беріледі.
* Ағымдағы жылы Қор өз қаржысынан 1 980,0 млн. теңгеге, оның ішінде 500,0 млн. теңгені шағын несие/ шағын қаржы ұйымдары арқылы шаруаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр,- дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Нармұқан Сарыбаев.
Қарыз алушыға келесі негізгі талаптар қойылады: өтініш берген күніне салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы; соңғы есепті күнге (өтініш беретін айда) ЕДБ және басқа да қаржы институттары алдында мерзімі өткен берешегінің болмауы; жағымды несие тарихы (несие тарихы бар болса); 3 жылдан ұзақ емес мерзімдегі дақылдарды көрсетіп, нақты егін егілген жерлердің әрі қызметті атқарудың нақты уақытындағы өнімділік туралы мәліметтің болуы; егін егетін жерлердің бар екенің растайтын құжаттың болуы, оның ішінде бірлесе жұмыс істеу туралы келісім-шарт та; берілген қарызды бақылау үшін екінші деңгейлі банктерде қосымша/арнайы есепшот ашу (теңгемен); Қоғамға қарызды мақсатты түрде пайдалануды тексеру үшін қажетті және жеткілікті құжаттарды тапсыру.
* 2010 жылдан бері ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде қолдау аясындағы «Егінжай» бағдарламасымен Қор 5 043 млн. теңгеге 1331 шаруаны несиелендірді. Сонымен қатар, мақта өсіруші шаруаларды қолдау үшін 1 500 млн теңгеге «Ырыс» шағын несие ұйымы қаржыландырылды, — дейді Н.Сарыбаев. — Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша: Алматы, Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облыстары көш басында тұр.
Жалпы 2015 жылы «ҚазАгро» ҰБХ» компаниялар тобымен көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарына барлық қаржыландыру көздерін есептегенде (техника лизингін қоса алғанда) 97 млрд. теңге бағытталады деп жоспарланып отыр. Бұл соммаға көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстары үшін ҚР Үкіметі Қаулысына сәйкес 60 млрд.теңге көлемінде Холдингқа берілген бюджеттік несие де кіреді. Бюджеттік несие қаржысы отандық тауар өндірушілерді егін егу шарасы кезінде қаржыландыру үшін «ҚазАгро» құрылымындағы дамыту институттарымен қатар, екінші деңгейлі банктерге де бағытталады.