АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру бағдарламасы қалай жүзеге асырылады?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылдың 18 сәуіріндегі №379 қаулысы негізінде Қаржылық сауықтыру үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің (АӨК) кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидалары бекітілген болатын. Жалпы, қолдаудың бұл шаралары бүгінгі күні түрлі себептермен өздерінің несиелері бойынша қарызын төлей алмай жүрген қазақстандық шаруашылықтар мен агроқұрылымдар үшін арналған.
Бұл қағидаларға сәйкес «Қазагромаркетинг» АҚ қаржылық сауықтыру бойынша оператор қызметін іске асыруда. Оператордың қызметіне қаржы институттарынан түскен құжаттарды қабылдау; қаржылық сауықтыру бойынша комиссия отырысын шақыртып, өткізу; субсидиялау бойынша келісім-шарт жасасу; субсидияларды төлеу мақсатындағы қаржы институттарының өтініштерін қабылдау; қаржы институттарымен тапсырылатын есеп мониторингін жүргізу; қарыз алушылардың қағида шарттарына сәйкес келуі бойынша мониторинг жүргізу енеді.
Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі елімізде жаңадан енгізілгендіктен, АӨК субъектілеріне бағдарламаның мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіру қажет. Бұл мақсатта «Қазагромаркетинг» АҚ-ның мамандары қаржылық сауықтыру бағдарламасы бойынша жиі қойылатын сауалдар бойынша түсініктеме дайындап отыр.
Айта кетер жайт, АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
— АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру дегеніміз не?
Қаржылық сауықтыру – бұл мемлекет қолдауымен сыайқы мөлшерлемесін субсидиялау негізінде айналым қаражатты толтыруға, құрылысқа және негізгі құрал-жабдықтарды сатып алуға, технологиялық құрал-саймандарды, ауылшаруашылық техниканы лизингке алу және жоғарыда көрсетілген мақсаттарда алған кредит/лизинг бойынша қарыздарды қайта қаржыландыруға пайдалынған АӨК субъектілерінде бар кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелерді қайта құрылымдау мен қайта қаржыландыру.
Қарыз алушылардың кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша жылдық сыйақы мөлшерін субсидиялау несиені теңгедей алған жағдайда 7%-ға, шетелдік валютада алынғандары бойынша 5%-ға төмендету арқылы жүзеге асырылады. Яғни қарыз алушы қаржылық сауықтырудан өткеннен кейін тек қана сыйақы мөлшерлемесінің қалған бөлігін төлейтін болады. Субсидиялаудың мерзімі – 9 жылға дейін. Сонымен бірге қаржылық сауықтыру аясында кредиттерді қайтару мерзімі 9 жылға дейін ұзартылады және айыппұл мен өсімпұлдар шегеріліп тасталады.
Қаржылық сауықтыруға кім қатыса алады?
Қаржы институттары алдында 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін пайда болған кредиттік/лизингтік және/немесе кредиторлық міндеттемелері бар агроөнеркәсіп кешенінің барлық субъектілері, соның ішінде АӨК саласында сервистік қызмет атқаратын компаниялар мен трейдерлер қаржылық сауықтыруға қатыса алады.
— Қаржы институттары ретінде қандай ұйымдар қарастырылады?
Қаржы институттары ретінде екінші деңгейлі банктер; банк операцияларының бөлек, қосымша түрлерін жүргізетін ұйымдар; АӨК саласындағы несиелік серіктестіктер; микроқаржылық/микрокредиттік ұйымдар; мемлекет жүз пайыз қатысатын АӨК саласында кредиттік-лизингтік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар; өз қызметін АӨК саласында атқаратын лизингтік компаниялар.
— АӨК субъектілерінің кредиттік және лизингтік міндеттемелерін қайта құрылымдау дегеніміз нені білдіреді?
Кредиттік және лизингтік міндеттемелерді қайта құрылымдау — бұл қайтару мерзімін ұлғайту, төленетін қарыздардың тәртібі мен кезектілігін өзгерту, сыйақы мөлшерлемесін өзгерту, сонымен бірге қарызды өтеу бойынша жеңілдік мерзімін ұсыну.
— АӨК субъектілерінің кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелерін қайта қаржыландыру нені білдіреді?
Кредиттік/кредиторлық және лизингтік міндеттемелерді қайта қаржыландыру — бұл қарыз алушыларға жаңа мақсатты кредиттерді беру немесе қарызды ұзартылған мерзімімен қайтару және қарызды төлеу барысында жеңілдік мерзімі мен төмен пайыздық сыйақы мөлшерлемесі бар шарттарымен қосымша келісім-шарттарды жасасу арқылы бұрын берілген кредиттерді алмастыру.
— АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру бағдарламасы аясында «ҚазАгро» холдингісіне қандай міндет жүктелген?
«ҚазАгро» холдингісі қаржы институттарына АӨК субъектілерінің кредиттік және лизингттік міндеттемелері бойынша қайта құрылымдау мен қайта қаржыландыру қызметін жүзеге асыру үшін қаражат бөледі.
— Егер де қарыз алушының кредит/лизинг/кредиттік қарызды өтеу бойынша қандай да бір қиындығы және қарызды өтеу мерзімінен кешіктіріп төлеу жайттары болмаса, ол қаржылық сауықтыруға қатыса ала ма?
— Қатыса алады. Жоғарыда аталған міндеттемелерді өтеу бойынша қиыншылықтардың бар болуы не болмауына қарамастан, қаржылық сауықтыруға АӨК-тің барлық субъектілері қатыса алады.
— Қаржылық сауықтыру туралы өтінішті қайда бару қажет?
Сіз қарыз алған қаржы институтына өтініш тапсырасыз немесе кез келген басқа қаржы институтына қаржылық сауықтыру аясында міндеттемеңізді (соның ішінде кредиторлық) қайта қаржыландыру туралы өтініш бере аласыз.
— Қаржылық сауықтыру бағдарламасына қатысу үшін қандай құжаттар қажет?
— Нысан бойынша өтініш; кредиттік/кредиторлық/лизингтік міндеттемелер бойынша келісім-шарт көшірмелері; кредит/лизингті алғанын растайтын құжат (төлем тапсырмасы, кредиттік/лизингтік келісім-шартында көрсетілген қарыз алушының шотынан үзінді, лизинг затын қабылдау-өткізу актісі).
— Қаржылық сауықтыру бағдарламасы қалай жүзеге асырылады, қандай кезеңдерден тұрады?
— Қаржылық сауықтыру бірнеше кезеңнен тұрады:
1) АӨК субъектісі қаржылық сауықтыруға қатысу үшін қаржылық институтқа қажетті құжаттар тізімі мен өтініш тапсырады.
2) Қаржылық институт құжаттарды оператордың – «Қазагромаркетинг» АҚ-ның қарауына жібереді.
3) Құжаттар субсидиялау қағидаларының талаптарына сәйкес келгенде оператор АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру бойынша комиссия отырысын шақырады. Ол өз кезегінде қаржылық сауықтыру бойынша шешім шығарады.
4) Оператор қаржылық институтты комиссияның қабылдаған шешімі жөнінде хабардар етеді.
5) Оң шешім қабылданған жағдайда қаржылық институт пен АӨК субъектісі арасында жаңа шарттар негізінде келісім- шарт жасалады.
— Қаржылық сауықтыру бағдарламасына қатысқанда қарыз/кредит бойынша қайтару мерзімін міндетті түрде ұзарту қажет пе?
— Міндетті түрде ұзарту қажет. Себебі қарызды қайтару мерзімін ұзарту — қаржылық сауықтыру бағдарламасына қатысудағы басты шарттардың бірі. Бірақ қарызды қайтару мерзімін ұзартудың минималды кезеңі қарастырылмаған (максималдысы — 9 жылға дейін).
— Кредиттік/лизингтік міндеттемелер бойынша қарыз алушылардың қандай келісім-шарттары қаржылық сауықтыруға қатыса алмайды?
— Қаржылық сауықтыру бағдарламасы аясында қарыз алушылардың кредиттік/лизингтік міндеттемелері бойынша келісім-шарттардың сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға басқа мемлекеттік және/немесе бюджеттік бағдарламалар бойынша көмек көрсетілуіне қатысатын келісім-шарттар және Ұлттық қор мен республикалық бюджеттің қаражатынан қаржыландырылған келісім-шарттар қатыса алмайды.
— Қаржылық сауықтыру бойынша түсініктеме беретін арнайы байланыс желісі бар ма?
— Иә, АӨК-тің барлық субъектілерін қаржылық сауықтыру мүмкіндігі туралы жан-жақты ақпараттандыру мақсатында «Қазагромаркетинг» АҚ-ның негізінде арнайы байланыс орталығы қызмет етеді. 8 800 080 70 80 байланыс нөміріне хабарласу арқылы кез келген адам бағдарламаның шарттары туралы түсініктеме ала алады. Атап өтетін жағдай, Қазақстанның барлық аумақтарынан стационарлы және ұялы телефондардан қоңырау шалу тегін.
Анықтама:
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның («ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы) миссиясы ауылшаруашылық тауарлары мен қызметтерін дамытудың нарықтық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады. Ол үшін компания өзінің ауылдық кеңес беру орталықтары арқылы қазіргі заманғы ең озық ақпараттық технологияларды пайдаланып шаруалардың ақпаратқа деген қолжетімділігін арттыруда.
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ — АӨК саласында қызметін жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыру мақсатында 2006 жылы құрылды. Холдингтің құрамына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгроӨнім» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроКепіл» АҚ, «Қазагромаркетинг» АҚ кіреді.