Герефорд тұқымы

Порода Герефорд

Бұл атау тұқымға шығарылған орны – Уэльспен шекарадағы Херефордшир ағылшын графствосына байланысты берілді. Ол Англияның кейбір оңтүстік және батыс аудандарында XVII ғасырдың басында өсірілген қызыл мал типтерінің бірінен бастама алды. Малды жақсарту жұмысы малдарды тарту күші және ет көзі ретінде пайдалану үшін алдымен дененің өлшемдері мен бұлшықет күшін ұлғайту бағытында жүргізілді, ол кезде олардың сүт өнімділігіне арнайы назар аударылған жоқ. Бұл тұқымның ағылшын асыл тұқымдылық кітабы 1846 жылы жазыла басталды. Герефордты бүкіл әлемде мойындады және оларға тән ақ бастық оларды басқа малдармен шағылыстыру нәтижесінде алынған барлық ұрпақтарда кездеседі.

Тұқым Англияға қарағанда анағұрлым ыстық климатқа жақсы бейімделеді, және қазіргі таңда бұл ғаламшарда өнімділіктің ең көп таралған және саны көп ет бағытындағы мал. Ол тағы 20-30 басқа тұқымға, әсіресе Солтүстік Америка мен Ресейдегі тұқымдарға әсер етті. 1950 жылы герефорд тұқымды өндіруші бұқаларды жергілікті қазақ малымен сіңіргіш шағылыстырудың негізінде отандық ет тұқымы – қазақтың ақбас сиыры шығарылды және мақұлданды, ол ең алдымен аса ірі өлшемдерімен, күшімен және әртүрлі типті жайылымдарға бейімділігімен танымал. Герофорд тұқымының малы Канадаға, Мексикаға, Солтүстік және Оңтүстік Америкаға, Ұлыбританияға, Аргентинаға, Уругвайға, Бразилияға, Австралияға, Жаңа Зеландияға, Оңтүстік Африкаға және Еуропаның көптеген елдеріне, РФ оңтүстік-шығыс облыстарына, Сібірге, Қиыр Шығысқа және Қазақстанға әкелініп, қазіргі таңда ойдағыдай өсіріліп жатыр.

Олар – денесі бөшке тәрізді, сіңірлі, кең және терең, әукесі шығып тұратын, иықтары жақсы бұлшықеттенген жануарлар. Түк жамылғысы жазда қысқа, қыста ұзын әрі бұйра. Мал түсі қызыл-қошқылдан қою қызылға дейін болады, басы, мойны, шоқтығы, әукесі, қарны, аяқтарының төменгі бөліктері және құйрығының шашағы ақ түсті. Мұрын айнасы қызғылт түсті. Герефорд тұқымды малдарға тән ақбастылық және қарнының ақ түстілігі бұл малдарды басқа тұқымды малдармен шағылыстырған кезде тұрақты түрде тұқым қуалайды. Герофорд тұқымды жануарларда етті малдарға тән цилиндр тәрізді дене пішіні бар; басы шағын, кең; әукесі жақсы дамыған және шамалы алға қарай шығып тұрады, денесінің алдыңғы және артқы бөліктері жақсы дамыған; кеудесі терең әрі кең, арқасы мен белі кең, бөксесі кең, тік, бұлшықеті жақсы дамыған, терісі серпімді, нәзік түкпен жамылған.

ХХ ғ басында АҚШ-та тұқыл мал табындары шығарылды, олар АҚШ-та ғана емес, сондай-ақ басқа елдерде де көп таралып келеді.

Ұрғашы бұзаулардың салмағы туған кезде 30-40 кг, бұқашықтардың салмағы 35-45 кг. 6 айлық жасында төлдің тірі салмағы 220-250 кг, ал 8 айлық жасында 280-300 кг жетеді. 18 айлық жасында тайыншаның тірі салмағы 420 кг жетеді, бұқашықтардың тірі салмағы 500 кг және одан асады, бұқалардың салмағы 850-1000 кг болады.

Герефорд малының еттілік қасиеттері жақсы және жоғары өсу қарқындылығымен ерекшеленеді. Жануарлар шамадан тыс май жинамай, ұзақ уақыт тірі салмағын арттыра алады. Қарқынды өсірген кезде бұқашықтардың орташа тәуліктік өсімі 1110-1300 г құрайды және 12 айлық жасына қарай тірі салмағы 500 кг жетеді, сойыс салмағы 60-65% болады, кейде 70% дейін жетеді. Бұқашықтардың тірі салмағының орташа тәуліктік өсімі 2000 г дейін жетеді. Герефорд тұқымының еті өте дәмді болады.

Өсудің жоғары энергиясы бір жарым жылдық жаста 1 кг сүйекке шаққанда 5,0-5,5 кг жұмсақ ет шығатын ауыр тұтас ет алуға мүмкіндік береді, жұмсақ етінің салыстырмалы салмағы 82-84%.

Жануарлар жылдам жетіледі, төзімді, әртүрлі табиғи-климаттық жағдайларға және жайылымда ұзақ уақыт ұстауға төзімді, ұзақ айдауға да жақсы шыдайды.

Дереккөз: «Сиыр етін өндіру және стандарттау технологиясы», Аманжолов К.Ж., Алматы, 2013 ж., ISBN 978-601-7856-38-9