Отандық шаруалардың несиелерін арзандатуға 443,6 млн. теңге көлеміндегі субсидия жұмсалады
Биыл ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің несие мен лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін арзандату бағдарламасына қатысуға үміт білдірген 489 қарызгердің (605 несие/лизинг шарты) өтінімі мақұлданды. Бұл өтінімдерге сай отандық ауылшаруашылық кәсіпкерлерінің несие мен лизингісін арзандатуға 443,6 млн. теңге көлеміндегі субсидия бөлінді.
Субсидиялау шарттарына келер болсақ, 227 «Ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін кредиттер және лизинг бойынша сыйақы ставкасын өтеу» республикалық бюджеттік бағдарламасы биыл екінші рет іске асырылуда. Бұл қолдау шарасы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында қолданысқа енгізілген.
«Қазагромаркетинг» АҚ агрокешен субъектілерінің несие-лизингтерін арзандату бағдарламасының операторы қызметін атқарады. Компанияның міндеті — қаржы институттарынан агроөнеркәсіп кешен субъектілерінің кредит/лизинг шарттары бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау үшін өтінімдер мен құжаттарды қабылдау.
Субсидиялау бағдарламасына меншік түріне қарамастан ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін және/немесе қайта өңдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлғалар, оның ішінде фермерлік/шаруа қожалықтары, сонымен бірге ауылшаруашылық өнімдерін сату, тасымалдау, сақтау, дайындау бойынша қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Бағдарламаға қатысамын деуші барлық қарызгерлер несие алған екінші деңгейлі банктерге және лизингтік компанияларға өтініш беруі тиіс.
Бағдарлама шарттарына сәйкес номиналды сыйақы мөлшерлемесі теңгеде жылдық 14%-дан және шетелдік валютада жылдық 10%-дан аспайтын лизинг пен кредиттер субсидияланады.
Бұл ауылшаруашылық техникасы мен технологиялық жабдықтарын алуға бағытталған лизинг шарттары мен айналым қаражатын толтыруға, құрылыс пен негізгі қаражатты алуға арналған кредиттік шарттар болуы мүмкін.
Айналымдағы қаражатты толтыру және негізгі қаражатты алу, құрылыс, сондай-ақ технологиялық жабдықты және ауылшаруашылық техникасын лизингке сатып алу кредиттерінің сыйақы мөлшерлемелері теңгемен алынған болса, жылдық 7%-ға төмендетіледі, шетелдік валютамен алынған болса, жылдық 5%-ға төмендетіледі.
Мал шаруашылығы мен мал азығын өндіруге арналған ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын сатып алу мақсатындағы кредиттер мен лизингтің сыйақы мөлшерлемелері теңгемен алынса, жылдық 10%-ға, шетелдік валютамен алынған болса, жылдық 7%-ға төмендетіледі.
Бағдарламаға қатыса отырып шаруа, мысалға, лизингке алған тракторының құнын 20%-дан аса арзандата алады.
Мысал.
Шаруа 2014 жылдың 29 сәуірінде 7 жылға құны 3 000 000 теңге болатын «Белорус 82.1» тракторын сатып алуға кредит алды делік. Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 12%. Шаруаның алғашқы жарнасы трактор құнының 10%-ын, яғни 300 000 теңгені құраған.
Осылайша 2021 жылдың 29 сәуіріне дейін (несиелендіру мерзімінің соңында) ол қаржы институтына 4 380 600 теңге төлеуі қажет. Оның ішінде 3 000 000 теңге — кредит сомасы (негізгі қарыз), 1 380 600 теңге – кредитті пайдалану үшін төленетін сыйақы мөлшерлемесі (жылына 12%). Бағдарлама шарттарына сәйкес қарызгердің қаржы институтына төлейтін осы сыйақы мөлшерлемесі субсидияланады. Мемлекет шаруа банкіге төлеуге тиісті жылдық 12% сыйақы мөлшерлемесінің 7%-ын өз мойнына алады. Бұл — 805 350 теңге. 12%-дың қалған бөлігін, яғни 5%-ды шаруа өзі төлейді. Бұл — 575 250 теңге. Сөйтіп, субсидиялаудың арқасында шаруа қаржы институтына 4 380 600 теңгенің орнына 3 575 250 теңге төлейді.
Барлық ауылшаруашылық тауар өндірушілерін кредиттерді арзандату мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру үшін «Қазагромаркетинг» АҚ-ның негізінде сall-орталық жұмыс істейді. Орталыққа кез келген адам қоңырау шалып, бағдарлама шарттары туралы ақпарат ала алады. Байланыс желісінің нөмірі: 8 800 080 70 80. Атап өтетін жайт, барлық ұялы байланыс операторларының нөмірлері мен еліміздің барлық аймақтарындағы стационарлы телефондардан қоңырау шалу тегін болып табылады.